Лиссабондық "Бенфика" клубы Жозе Моуриньюдің команданың бас бапкері қызметінен кеткенін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Жақын арада 63 жастағы португалиялық маман мадридтік "Реалды" тізгіндейді.
"Реал" Моуринью үшін 15 миллион еуро төлейді
"Бенфика" Моуриньюдің келісімшартын мерзімінен бұрын бұзғаны үшін "корольдік клубтан" 15 миллион еуро алады.
"Реал" Жозе Моуриньюді 15 миллион еуроға шақыру ниетін ресми түрде рәсімдеді және бапкер өз келісімін берді. Рақмет, Жозе Моуринью", - делінген "Бенфиканың" X әлеуметтік желісіндегі хабарламасында.
Моуриньюдің "Реалдағы" келісімшарты мен жалақысы
Бұған дейін БАҚ-та Моуриньюдің "Реалмен" 2028 жылға дейін келісімшарт жасайтыны және оны тағы бір маусымға ұзарту мүмкіндігі қарастырылғаны хабарланған болатын.
Мадридтегі жалақысы жылына шамамен 7-8 миллион еуроны құрайды.
"Бенфикадағы" көрсеткіші
Моуринью "Бенфиканы" 2025 жылдың қыркүйегінен бері жаттықтырды. Оның жетекшілігімен команда барлық турнирде 45 матч өткізіп, 27 рет жеңіске жетті, 10 рет тең түсті және сегіз рет жеңілді.
Соған қарамастан "Бенфика" маусымды үшінші орында аяқтады. Чемпиондар лигасында "бүркіттер" 1/16 финалға дейін жетіп, екі матчтың қорытындысы бойынша "Реалдан" жеңілді.
"Реалдағы" өзгерістер
Өткен маусымда "қаймақтылар" бірде-бір трофей жеңе алмады. Соның салдарынан 12 қаңтарда Хаби Алонсоның орнына келген Альваро Арбелоа қызметінен босатылды.
Жозе Моуринью бұған дейін "Реалды" 2010 жылдан 2013 жылға дейін жаттықтырған. Португалиялық маманның жетекшілігімен мадридтік клуб Испания чемпионы атанып, Испания Кубогы мен Испания Суперкубогын жеңіп алған.
Жарнама