Футбол
Бүгін 11:29

"Реал" мен "Барселона" Кейнге ұсыныс жасапты: шабуылшы жауабын берді

©Depositphotos.com/canno73

Мадридтік "Реал" мен каталондық "Барселона" өткен жазда мюнхендік "Бавария" клубының шабуылшысы Харри Кейнге қызығушылық танытқан еді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Журналист әрі инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, испаниялық екі клубтың да өкілдері ағылшын шабуылшысының айналасындағы адамдармен ықтимал трансфер мәселесі бойынша байланысқа шыққан.

Бұл байланыстар маусым алдындағы дайындықтың алғашқы кезеңінде болған. Алайда Кейн ұсыныстарды қарастырмай, Мюнхен клубында өнер көрсетуін жалғастыруға ниетті екенін білдірген.

"Бұл сіздерді таңғалдыруы мүмкін, бірақ өткен жазда Испанияның екі алпауыт клубы - "Барселона" мен "Реал" маусым алдындағы дайындықтың алғашқы кезеңінде Кейінмен байланысқа шыққанын анық айта аламын.

Жауап үнемі бірдей болды: "Рақмет, бірақ біз "Бавариямен" жасалған келісімшартымызға басымдық береміз". Ешқандай келіссөз болған жоқ, өйткені Кейн "Баварияға" адал болып қалуды шешті", - деді Романо өзінің YouTube арнасында.

Еске салайық, жақында Кейн 2026 жылғы "Алтын доп" иегері атанды. Дауыс беру қорытындысы бойынша екінші орынды мадридтік "Реал" мен Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе иеленсе, үздік үштікті "Барселона" мен Испания құрамасының шабуылшысы Ламин Ямаль түйіндеді.

2025/2026 жылғы маусымда Кейн "Бавариямен" бірге Суперкубок пен Германия кубогын жеңіп алып, Бундеслиганың чемпионы атанды. Англия құрамасы сапында шабуылшы 2026 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.

2025 жылдың тамызынан 2026 жылдың шілдесіне дейінгі аралықта Кейн "Бавария" мен Англия құрамасы сапында 65 матч өткізіп, 73 гол соққан.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport