Каталондық "Барселонадан" ауыр жеңілістен кейін Килиан Мбаппенің мадридтік "Реалдағы" болашағы күтпеген жерден сұрақ астында қалды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Журналист Педро Алмейданың мәліметінше, "корольдік клуб" басшылығы маусым аяқталған соң құрамға ауқымды өзгерістер енгізуді шындап қарастырып жатыр. Франциялық шабуылшының есімі трансферлік ұсыныстары қарастырылуы мүмкін футболшылар қатарына кіріпті.
Соңғы жылдардағы клубтың ең шулы әрі қымбат жобаларының бірі саналса да, Мбаппенің команда ішіндегі орны бірнеше ай бұрынғыдай мызғымас күйде емес.
Айта кетейік, биылғы маусымда Мбаппе Ла Лигада 24 гол соғып, Чемпиондар лигасында тағы 15 мәрте мергендігімен көзге түсті. Ол Еуропадағы ең нәтижелі ойыншылардың бірі болып отыр.
27 жастағы Мбаппе "Реал" сапына 2024 жылы еркін агент ретінде қосылған еді. Оған дейін ол алты маусым бойы "Пари Сен-Жерменде" өнер көрсетті.
Мадрид клубындағы екі маусым ішінде шабуылшы Ла Лиганы, Чемпиондар лигасын, Испания кубогын және Суперкубогын жеңе алған жоқ.
Өткен маусымда Мбаппе "Реалмен" бірге УЕФА Суперкубогы мен Құрлықаралық кубокты жеңіп алды. Оның мадридтік клубпен келісімшарты 2029 жылға дейін жарамды, ал футболшының нарықтық құны 200 миллион еуроға бағаланады.
"Барселона" Испания чемпионатының 35-туры аясында "Реалды" ұтып, мерзімінен бұрын чемпион атанды. "Спотифай Камп Ноу" стадионында өткен матч каталондықтардың 2:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Осы жеңістің арқасында Ханс-Дитер Флик шәкірттері 91 ұпай жинап, маусым аяқталуына үш тур қалғанда мадридтіктер үшін қолжетімсіз болды.
Сонымен қатар, бұл "Барселонаның" Ла Лигадағы қатарынан 11-жеңісі болды.
Жарнама