Мадридтік "Реал" негізгі қақпашы Тибо Куртуаның орнын басатын ойыншыны іздеуді бастап кетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Клуб басшылығы бельгиялық голкипердің мәңгі бірінші нөмір болып қала алмайтынын түсінеді және болашаққа арналған жоспар құруда.
Madrid Zone басылымы журналист Мигель Серраноға сілтеме жасап хабарлағандай, Куртуаның басты мұрагері ретінде Англияның "Брайтон" клубының қақпашысы Барт Вербрюгген қарастырылып отыр. "Корольдік клуб" 23 жастағы нидерландтық футболшының дамуын мұқият бақылап келеді және оны келесі жазда сатып алуға талпыныс жасауы мүмкін.
Дереккөз мәліметінше, мадридтіктердің жаңа бапкерлер штабы да Вербрюггенге қызығушылық танытып отыр. Олар қақпашыны Еуропадағы болашағы зор голкиперлердің бірі деп есептейді.
Қазіргі таңда Барт Вербрюггеннің "Брайтонмен" келісімшарты 2028 жылдың маусымына дейін жарамды. Сондықтан ықтимал трансфер мадридтік клубтан едәуір қаржылық шығынды талап етуі мүмкін. Transfermarkt порталының бағалауынша, нидерландтық қақпашының нарықтық құны 40 миллион еуроға тең.
Айта кетейік, 2025/26 маусымы "Реал" үшін сәтсіз аяқталды. Мадридтік клуб бірнеше жылдан бері алғаш рет бірде-бір трофейсіз қалды. Осыған байланысты команда келесі маусым алдында құрамды ауқымды түрде жаңартуға дайындықты бастап кеткен.
Жарнама