Каталондық "Барселонаның" капитаны Рафинья Ла Лиганың 9-туры аясында "Бетиске" қарсы өткен матчта (5:2) алаңға қосалқы құрамнан шығып, команда сапындағы 186-ойынын өткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Осылайша, 29 жастағы шабуылшы "көк-анарлылар" сапындағы матчтар саны бойынша әйгілі отандасы Неймардың көрсеткішіне теңесті.
Енді қос футболшы "Барселона" тарихындағы ең көп матч өткізген бразилиялық ойыншылар тізімінде бесінші орынды бөлісіп тұр.
Каталондық клуб сапында ең көп матч өткізген бразилиялықтардың үздік бестігі төмендегідей:
Дани Алвес - 408 матч;
Ривалдо - 235 матч;
Роналдиньо - 207 матч;
Адриано - 190 матч;
Рафинья мен Неймар - 186 матчтан.
"Барселона" сапындағы 186 ойынында Рафинья 89 гол соғып, 62 нәтижелі пас берген. Ал Неймар осыған тең ойын санында 105 гол соғып, 76 нәтижелі паспен көзге түскен.
Сонымен қатар биылғы маусым Рафинья үшін өте сәтті өтіп жатыр. Вингер жоғары нәтижелілігімен ерекшеленіп, Ла Лигадағы айдың үздік ойыншысы марапатын қатарынан екі рет - тамыз және қыркүйек айларында иеленді.