"Барселона" Англиядағы Сент-Джордж Парк базасында жаңа маусымға дайындықты жалғастырып жатыр. Жақын арада командаға 29 жастағы бразилиялық вингер Рафинья қосылады. Бұл оның каталониялық клуб сапындағы бесінші маусымы болмақ, деп хабарлайды Vesti.kz.
Сол қапталдағы жоғары бәсекелестік
Рафиньяны жаңа маусымда негізгі құрамдағы орны үшін қатаң бәсекелестік күтіп тұр. Оның басты қарсыласы – "Ньюкаслдан" 70+10 миллион еуроға ауысқан Энтони Гордон.
Сонымен қатар, жазғы трансфер кезінде "Барселона" сапын толықтырған Карим Адейеми де сол қапталда ойнай алады. Бұдан бөлек, Ханс-Дитер Фликтің қарамағында бұл позицияда өнер көрсете алатын Фермин Лопес пен Ферран Торрес те бар.
Рафиньяның болашағы әлі анық емес
Marca басылымының мәліметінше, "Барселона" басшылығындағы бірқатар функционерлер Рафиньяны сатуды қолдап отыр. Олардың пікірінше, футболшының трансферлік құны шамамен 70 миллион еуроға бағаланса, өткен маусымда жарақат салдарынан 17 матчты өткізіп алғаны да алаңдатады.
Соған қарамастан, бразилиялық ойыншы Сауд Арабиясы клубтарынан түскен қаржылай тиімді ұсыныстардың бәрінен бас тартқан.
Оның "Барселонамен" келісімшарты 2028 жылға дейін жарамды және Рафинья негізгі құрамдағы орнын сақтап қалуға ниетті.
Флик пен Деку ойыншыны қолдайды
Клубтың бас бапкері Ханс-Дитер Флик пен спорт директоры Деку Рафиньяның командада қалуын қолдайды.
Флик бразилиялықтың өткен маусымдағы жоғары нәтижелілігін (33 матчта 21 гол және 8 нәтижелі пас), сондай-ақ оның жас ойыншылармен жұмыс істеудегі көшбасшылық қасиеттерін жоғары бағалайды.
Айта кетейік, Рафинья "Барселона" сапына 2022 жылы Англияның "Лидс" клубынан 58 миллион еуроға ауысқан болатын.
Бұған дейін ол Францияның "Ренн", Португалияның "Спортинг" және "Витория Гимарайнш", сондай-ақ Бразилияның "Аваи" клубтарында өнер көрсеткен. 2021 жылдан бері Бразилия ұлттық құрамасына тұрақты түрде шақырылып келеді.
Жарнама