ПСЖ командасы әлі де франциялық маман Зинедин Зиданмен келісімге келе алмай жатыр. Бұл туралы журналист Ромен Молина хабарлады.
Осы аптада Зидан ПСЖ ұсынған келісімшарттан бас тартқан. Бірақ париждік команданың катарлық қожайындары осы маманды бас бапкер етіп тағайындауға ниетті.
Ал ПСЖ командасының кеңесшісі Луиш Кампуш болса клубтың бас бапкері ретінде "Ниццаны" жаттықтырып жүрген Кристоф Гальтьені көргісі келетінін айтуда.
Осыған дейін бірнеше беделді дереккөз Зиданның ПСЖ бас бапкері атанып, әлемдегі ең көп жалақы алатын маман болады деген ақпарат таратқан еді.
Айта кетейік, 49 жастағы Зидан 2016-2018 және 2019-2021 жылдар аралығында "Реал" командасын жаттықтырды. Оның бастамасымен мадридтік клуб үш мәрте Чемпиондар лигасын жеңді. Сонымен қатар, екі рет Испания чемпионы атанды.
Ал 2021 жылдың жазынан бастап Зидан жұмыссыз.