Францияның "Марсель" футбол клубы бас бапкер Роберто Де Дзербидің қызметінен кеткенін ресми түрде хабарлады, деп жазады Vesti.kz.
Тараптар келісімшартты өзара мақұлдасу негізінде бұзды. Жаңа бас бапкердің есімі әзірге жарияланған жоқ.
"Клуб басшылығындағы барлық мүдделі тараптармен - иесімен, президентпен, техникалық директормен және Де Дзербимен - өткен талқылаудан кейін негізгі команда бапкерін ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл - маусымның қалған бөлігіндегі міндеттерді орындау үшін клуб мүддесін ескере отырып, жан-жақты сараптаудан соң қабылданған қиын әрі ұжымдық шешім.
"Марсель" Де Дзербиге адалдығы, жанкештілігі, кәсібилігі мен жауапкершілігі үшін алғыс білдіреді. Бұл қасиеттер әсіресе 2024/25 маусымында команданың Лига 1-де екінші орын алуынан айқын көрінді", - делінген клуб мәлімдемесінде.
Де Дзербидің жетекшілігімен өткен соңғы матчта "Марсель" 8 ақпанда "Пари Сен-Жерменнен" 0:5 есебімен ойсырай ұтылды.
Роберто Де Дзерби "Марсельді" 2024/2025 маусымының басында қабылдап, клубты Франция чемпионатында екінші орынға жеткізген еді. Алайда биылғы маусым команда үшін сәтсіздеу өрбуде: 21 турдан кейін "ақ-көгілдірлер" 39 ұпаймен Лига 1 турнирлік кестесінде төртінші орында тұр.
Чемпиондар лигасындағы науқан да сәтсіз аяқталды. "Марсель" топтық кезеңді жалпы есепте 25-орында аяқтап, плей-офф кезеңіне өте алмады. Соңғы турда команда бельгиялық "Брюггеге" 0:3 есебімен ұтылды.
Бұған дейін 46 жастағы Де Дзерби ағылшынның "Брайтон", украинаның "Шахтер", сондай-ақ италиялық "Сассуоло", "Беневенто" және "Палермо" клубтарында бас бапкер қызметін атқарған.