Португалия Роналдусыз ойында рекорд орнатты

12 қыркүйек 2023 09:20
©УЕФА

Португалия құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясында Люксембург командасын ойсыратты, деп хабарлайды Vesti.kz.

J тобындағы кездесу Португалияның Фару қаласында өтіп, алаң иелерінің пайдасына 9:0 есебімен аяқталды. Жеңімпаздар сапында Гонсалу Инасиу (12 және 45-минут), Гонсалу Рамуш (18, 34) және Диогу Жота (57, 77) дубль жасады, ал Рикарду Орта (67), Бруну Фернандеш (83) және Жоау Феликс (88) бір голдан салды.

Бұл матчте португалиялықтар Криштиану Роналдусыз ойнады. 38 жастағы форвард сары қағаз түріндегі ескертудің саны асып кеткендіктен матчке қатыса алмады. Еуро-2024 іріктеуіндегі бұған дейінгі төрт ойында Роналду бес гол салған еді. 

Айта кетейік, бұл Португалия құрамасының тарихтағы ең үлкен есеппен жеңісі. Бұған дейін португалиялықтар 8:0 есебімен Лихтенштейнді 1994 және 1999 жылдары ұтқан, сонымен бірге, 2003 жылы Кувейт құрамасын да осындай есеппен жеңген еді.

Осылайша, Португалия Еуро-2024 іріктеуіндегі алты матчтің бәрінде жеңіске жетіп, 18 ұпай жинады.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport