Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду ұлттық командадан мерзімінен бұрын кеткені үшін қатаң жазаға тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Vesti.kz сайты A Bola басылымына сілтеме жасап.
Португалия футбол федерациясының (FPF) тәртіптік регламентіне сәйкес, ресми шақырту алғаннан кейін маңызды себепсіз ұлттық құраманың орналасқан жерінен кетіп қалған немесе жаттығуға, матчқа не ұлттық команданың басқа да іс-шарасына келмеген ойыншыға бір айдан алты айға дейін дисквалификация тағайындалуы мүмкін.
Кәсіпқой футболшыларға бұдан бөлек 5-тен 10 шартты бірлікке дейін - шамамен 500-ден 1000 еуроға дейін айыппұл қарастырылған.
Сонымен қатар, регламенттің 160-бабының 2-тармағында ойыншы құраманың орналасқан жерінде болмаған немесе одан кетіп қалған жағдайда автоматты түрде уақытша шеттетілуі мүмкін екені жазылған.
Бұған дейін Роналду Португалия құрамасының оқу-жаттығу жиынынан кетіп қалған болатын. Бас бапкер Жорже Жезуштің шабуылшымен ешқандай жанжал болмаған. Алайда Роналду бапкердің өзін Норвегиямен матчқа қатыстырмау шешіміне наразы болған.
Енді Португалияның бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Роналдудың ұлттық құрамадағы карьерасын аяқтауы мүмкін екенін хабарлады.