Мадридтік "Реал" клубының президенті Флорентино Перес Ламин Ямальдың гипотетикалық трансфері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
“Ламин Ямаль маған ұнай ма? Әрине! Оны командаға шақыру ма? (күледі). "Барселонамен" арадағы қарым-қатынас түбегейлі және біржола бұзылған,” – деп келтіреді Перестің сөзін El Chiringuito.
18 жастағы Ямаль – Барселона академиясының түлегі. Ол 2023 жылдың 29 сәуірінде Ла Лигада дебют жасап, "Бетиске" қарсы ойында Гавидің орнына алаңға шыққан еді. Сол кезде футболшы 15 жас 290 күнде болып, каталондық клуб тарихындағы Ла Лигада ойнаған ең жас футболшы атанды. Кейін ол тағы бірнеше рекорд орнатты.
2025 жылдың 27 мамырында ойыншы "көк-анарлылармен" келісімшартын 2031 жылға дейін ұзартуға келісті. БАҚ мәліметінше, Ламиннің жылдық еңбекақысы шамамен 40 миллион еуроны құрайды.
Осы маусымда Ямаль барлық турнирде 45 матч өткізіп, 24 гол соғып, 18 нәтижелі пас берген.
Жарнама