"Реал" клубының президенті Флорентино Перес алдағы сайлауда жеңіске жеткен жағдайда португалиялық маман Жозе Моуриньюді мадридтік клубтың бас бапкері қызметіне тағайындайтынын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Перестің сөзінше, португалиялық маман қазіргі футболдағы ең үздік бапкерлердің бірі саналады және Мадридтегі алғашқы кезеңінде "корольдік клубтың" тарихында үлкен із қалдырған.
"Моуринью – әлемдегі ұлы бапкерлердің бірі. Ол біздің командада жұмыс істеген кезеңде "Реал" үшін өте маңызды рөл атқарды. Дәл сол бізді рекордтық чемпиондық атаққа жеткізді. Ол командаға жоғары бәсекелестік рухын сіңірді және бұл кейінгі жетістіктеріміздің негізі болды. Моуринью мен Конате – менің алғашқы трансферлерім", – деп береді Перестің сөзін AS басылымы.
Жозе Моуринью "Реалды" 2010 жылдан 2013 жылға дейін жаттықтырды. Оның жетекшілігімен мадридтік клуб Испания чемпионатын, Испания кубогын және Испания суперкубогын жеңіп алды. Ал өткен маусымның қорытындысы бойынша "Реал" бірде-бір трофей иелене алмады.
2025 жылдың қыркүйегінен бері Моуринью Лиссабонның "Бенфика" клубын жаттықтырып келеді. Бұған дейін ол мансабында "Челси", "Манчестер Юнайтед", "Тоттенхэм", "Рома", "Интер" және "Фенербахче" клубтарында жұмыс істеген.
"Реал" президентін сайлау 7 маусым күні өтеді. Бұл қызметке екінші үміткер ретінде кәсіпкер Энрике Рикельме түсіп отыр. Осылайша, 2006 жылдан бері алғаш рет клуб басшылығына кемінде екі үміткер таласады.
79 жастағы Флорентино Перес "Реал" президенті қызметін 2009 жылдан бері атқарып келеді. Бұған дейін ол клубты 2000 жылдан 2006 жылға дейін басқарған болатын.
Перестің жетекшілігімен "Реал" жеті рет Испания чемпионы атанды, үш мәрте Испания кубогын және жеті рет Испания суперкубогын жеңіп алды. Сонымен қатар клуб жеті рет Чемпиондар лигасының, алты рет УЕФА суперкубогының, бес рет клубтар арасындағы әлем чемпионатының және екі мәрте Құрлықаралық кубоктың жеңімпазы атанды.
Жарнама