"Қайрат" клубының бас бапкері Курбан Бердыев УЕФА Конференция Лигасының бесінші турындағы ойыннан соң пікір білдірді, деп жазады Vesti.kz тілшісі. "Орталық" стадиондағы кездесу "Базельдің" пайдасына 2:3 есебімен аяқталды.
- Курбан Бекиұлы, матчтан кейінгі пікіріңізді білдірсеңіз...
- Базельдегі матч пен бүгінгі ойынды салыстыратын болсақ – біздің жігіттерде прогресс байқалады. Қарсыласпен тең дәрежеде иық тіресіп ойнағанымызбен олардың деңгейі жоғары болды. Барын салған командама алғыс айтамын. Кездесудің есебіне болмаса да жалпы ойынға көңілім толады.
- "Қайратқа" бас бапкер болып тағайындалған күннен бастап сізді бірінші рет төрешіге қарсы эмоционалды болғаныңызды көрдік...
- Төреші біздің қақпаға пенальти белгіледі. Мен бейнеқайталауын көріп шықтым. Ол жерде ешқандай да 11 метрлік айып соққысы берілмеуі керек еді. Ойынның есебін әділ-қазыға артып қоймаймын. Бірақ төрешінің де қателескен сәттері болды.
- Алықұлов, Сейдахмет пен Шушеначевтердің екінші таймдағы ойындарына баға берсеңіз...
- Жалпы жақсы ойнап шықты. Алайда болмашы жерде қателіктер де жасап жатты. Егер кубоктің матчтары болмағанда ол футболшылар алаңға шықпауы да мүмкін еді.
Айта кетейік, бесінші турдан кейін "Қайрат" 1 ұпаймен соңғы орында. 11 ұпай еншілеген "Базель" мен "Карабах" турнир кестесінің алғашқы екі үздік клубтары болып тұр. Кипрдің "Омониясы" 3 ұпаймен үшінші орынға жайғасқан. Енді "Қайрат" топтық кезеңдегі алтыншы тур ойынын 9 желтоқсанда "Омонияға" қарсы өткізіп, маусымды аяқтайды.