Патрик Твумаси карьерасын Қазақстанда жалғастыруға ниетті. Ол "Астана" сапына ауысуы мүмкін

©"Астана" ФК

Елордалық "Астана" командасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Патрик Твумаси Қазақстан чемпионатына қайта оралуы мүмкін. Бұл туралы инсайдер Айдын Қожахмет хабарлады. 

Дереккөздің ақпараты бойынша, "Астанадан" кеткеннен кейін жолы болмаған ганалық футболшы қайта бабына келгісі келеді екен. Африкалық футболшы испаниялық "Алавес" және германиялық "Ганновер" сапында дұрыс ойнай алмады. 

Твумасиді агенттер "Астана" командасына ұсынған. Одан бөлек, "Ақтөбе" командасына ұсынып көрген. Дегенмен инсайдер қазақстандық командалар 27 жастағы футболшының талап еткен айлығын бере алмауы мүмкін екенін айтады. "Твумаси айына кемінде 20 мың еуро алмаса, ойнауға келіспейтін шығар. Ал қазіргі уақытта қазақстандық командалар арасынан ешқайсысы мұндай жалақы бере алмайды. Тек үздік үштіктегі командалар және демеуші тапса "Ақтөбенің" ғана шамасы жетеді", - деп жазды инсайдер. 

Еске салайық, Твумаси 2013 және 2018 жылдар аралығында "Астана" сапында ойнады. Ол елордалық командада барлық турнирде 171 кездесуге қатысып, 69 гол соғып, 28 нәтижелі пас берді. 

Ганалық төрт мәрте Қазақстан чемпионы атанып, Қазақстан кубогі мен Суперкубогінде топ жарды. 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар