Өзбекстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Валерий Непомнящий ұлттық команданың 2026 жылғы әлем чемпионатындағы мүмкіндігі туралы ойын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Маман соңғы жылдары өзбек футболының айтарлықтай дамығанын атап өтіп, команданың топтан шығуға әлеуеті жететінін айтты.
Непомнящийдің пікірінше, Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алуы - елдегі футбол дамуының заңды нәтижесі.
"Соңғы 20 жылда Өзбекстан футболы жаңа деңгейге көтерілді. Қазір ол жақта ғасыр басындағыдай мәселелер жоқ. Ал құраманың әлем чемпионатына өтуі - соның айқын дәлелі. Плей-оффқа өтуге мүмкіндік бар деп ойлаймын, әрі бұл шанс жаман емес. Қазіргі өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктерді ескерсек, мұндай нәтиже тіркелуі әбден мүмкін", - деді Непомнящий Euro-football.ru басылымына берген сұхбатында.
Өзбекстан құрамасы тарихында алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңінде өнер көрсетеді. Топтық кезеңде команда Колумбиямен (18 маусым), Португалиямен (23 маусым) және Конго Демократиялық Республикасымен (28 маусым) кездеседі.
2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Тарихта алғаш рет турнирді бірден үш мемлекет қабылдайды.
Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне алғаш рет қатысады.
Жарнама