Португалия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінің екінші турында Өзбекстанды ойсыратып тастады, деп хабарлайды Vesti.kz.
K тобындағы кездесу АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтіп, португалиялықтардың 5:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Ойынның алтыншы минутында Криштиану Роналду Жоау Канселудың пасын голға айналдырып, есеп ашты. Осылайша, португалиялық жұлдыз алты әлем чемпионатында гол соққан алғашқы футболшы атанды.
17-минутта Нуну Мендеш айып добынан кейінгі комбинацияны сәтті аяқтап, есеп айырмасын ұлғайтты.
29-минутта Азизжон Ғаниев Өзбекстан сапынан гол соққандай көрінгенімен, VAR көмегімен эпизод қайта қаралып, Аббосбек Файзуллаевтың Жоау Канселуға қарсы ереже бұзғаны анықталды. Нәтижесінде гол есепке алынған жоқ.
39-минутта Бруну Фернандештің нәтижелі пасынан кейін Роналду дубль авторы атанды. Бұл оның 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы дублі болды.
60-минутта өзбекстандықтар өз қақпасына гол соғып алды. Алғашында автогол Абдуқодир Хусановқа жазылғанымен, кейін ресми түрде Абдувахид Нематовтың еншісіне тіркелді.
Матчтағы соңғы нүктені 87-минутта Рафаэл Леау қойып, Португалияның бесінші голын соқты.
Осы жеңістен кейін Португалия құрамасы төрт ұпаймен K тобында бірінші орынға көтерілді. Колумбияның еншісінде үш ұпай бар және ол екінші орында келеді. Оңтүстік америкалықтар 24 маусым күні Конго құрамасына қарсы матч өткізеді. Ал бір ұпай жинаған Конго үшінші орында тұр. Өзбекстан әзірге ұпай еншілей алған жоқ.
Топтық кезеңнің соңғы турында Португалия Колумбиямен, ал Өзбекстан Конгомен кездеседі. Екі матч та 27 маусымнан 28 маусымға қараған түні Астана уақытымен 04:30-да басталады.
Жарнама