Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тимур Кападзе елдің футбол қауымдастығымен әлі ұзақ мерзімді келісімшартқа отырмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz сайты Newshub.uz порталына сілтеме жасап.
Бұл туралы ол Өзбекстан құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама алғаныннан кейін айтты.
"Мен ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойған жоқпын, біз қараша айына дейін келістік. Бұдан кейін не болатынын уақыт көрсетеді", – деді Кападзе баспасөз мәслихатында болашағына қатысты сұраққа жауап бере отырып.
Кападзе биыл қаңтарда Өзбекстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Ол денсаулығына байланысты қызметтен кеткен словениялық Сречко Катанеці алмастырды. Федерация тарапынан ресми кепілдік болмаса да, Кападзе қазірдің өзінде өз есімін тарихқа жазды – ол Өзбекстанды әлемдік футболдың басты додасы – әлем чемпионатына алып шықты.
Естеріңізге сала кетейік, Өзбекстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына мерзімінен бұрын жолдама жеңіп алды. Команда алдымен БАӘ құрамасымен тең ойнады, кейін Ташкентте Катарды 3:0 есебімен анық ұтты. Осылай 21 ұпай жинаған Өзбекстан топта Иранға ғана жол беріп, екінші болды.
Жарнама