Футбол
20 шілде 2022 18:42

"Осиек" бапкері "Қызыл-Жардың" артықшылығын атады

©dynamo.kiev.ua

"Осиек" клубының бас бапкері Ненад Белица Конференция Лигасында "Қызыл-Жармен" ойын алдында баспасөз мәслихатына қатысты, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Хорватиялық маманның айтуынша, қазақстандық клубтың басты басымдығы жасанды төсенішінде болып отыр.

- Біз Қазақстан астанасына бүгін ұшып келдік. Кешкісін жаттығу жасаймыз. Ал ертең ойын. Қарсыласымыздың биылғы маусымдағы нәтижесі жақсы емес. Алайда оларға құрметпен қараймыз.

- "Астана Аренаның" жасанды төсеніші сіздің командаға қиындықтар туғызады деп ойлайсыз ба?

- Негізі біз тек шөп үстінде ойнаймыз. Қазақстанға келмей тұрып екі рет синтетикада жаттығу өткіздік. Әрине біз үшін ыңғайсыз болады. Қаншалықты қиын болатынын ертеңгі матчта білеміз.

- Сіз осыдан төрт жыл бұрын Чемпиондар Лигасының аясында "Динамоны" бастап келгенсіз. Қазақстан жайлы жақсы естеліктеріңіз бар шығар?

- Әрине Қазақстан туралы жақсы сөздерді айтуға болады. Ол уақыттан бері сіздердің астаналарыңыз қатты өзгеріпті. Бұл жолы да жақсы нәтиже тіркейміз деген ойдамын.

- Ертеңгі ойында алаңға кімдер шықпайды?

- Ертең қорғаушы Даниэль Лончар шықпайды. Себебі ол былтыр еурокубокте қызыл қағаз алған. Сонымен қатар, жас шабуылшымыз Дион Дрена Бельо да көмектесе алмайды. Тағы бір қорғаушы Чеберко ойнамайды.

- "Қызыл-Жардың" биылғы сәтсіз маусымын ескере отырып, ертең немқұрайлылық танытпайсыздар ма?

- Жоқ. Біздің қарсыласымыздың деңгейі жоғары. Тәжірибелі ойыншылары бар. Оның үстіне олар жасанды төсеніште жақсы ойнайды.

- Ласло Кляйнхайслер мен Михрет Топчагич кезінде Қазақстан чемпионатында өнер көрсеткен. Олармен жергілікті футбол жайлы сөйлестіңіз бе?

- Көп сөйлеспедім. Оның үстіне олар "Қызыл-Жарда" ойнамады. Алайда екеуі де Қазақстан жайлы тек жылы лебіздерін білдірді.

- Алаңға шықпайтын қорғаушылардың орнын кімдер басады?

- Миле Шкорич, Славко Бралич және Адриан Баришич деген жігіттер тас-түйін дайын.

- Қарсылас сапында кімдерді ерекше атап өтер едіңіз?

- Зорич мықты. Алайда оның жарақаты бар секілді. Лобжанидзе мықты шабуылшы. Бушман да сапалы фуболшы. Біраз ойыншы Ресей мен басқа да елдің біріншіліктерінен келген. Сондықтан көбісінің тәжірибесі мол.

Еске салайық, 21 шілде күні "Астана Аренада" "Қызыл-Жар" мен "Осиек" Конференция Лигасының екінші іріктеу айналымы аясында алғашқы ойынын өткізеді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport