Шымкенттік "Ордабасы" командасы үш футболшыны қаралымға алды, деп хабарлайды Kaz-football.kz порталы. Олар Нұралы Мамырбаев, Бақдәулет Зульфикаров және Самат Бортай.
21 жастағы Мамырбаев қорғаушы қызметін атқарады. 2019 жылы ол "Қыран" сапында Бірінші лигада алғашқы кездесуін өткізген. Бұған дейін ол шымкенттік команда сапында 19 кездесу өткізіп, 3 гол соққан. 2020 жылы Мамырбаев Қазақстан жастар құрамасына шақырту алды. Бірақ құрама сапында бірде-бір кездесу өткізген жоқ.
Зульфикаров болса Қазақстанда "Қыран" және "Оңтүстік Академиясында" ойнаған. 2021 жылы 20 жастағы шабуылшы Беларусь біріншілігіндегі "Энергетик-БГУ" сапында өткізіп, төрт ойында бір мәрте көзге түскен.
Бортай футболдағы алғашқы қадамдарын "Ордабасының" жастар құрамасында жасаған. Одан бөлек, Самат "Астана Ж" командасында ойнаған. Сонымен қатар, ол "Астана Ж" командасының капитаны болған. 22 жастағы жартылай қорғаушы Қазақстанның жастар құрамасына шақыртылған. Өткен маусымды ол "Оңтүстік Академиясында" өткізіп, 16 ойында бір гол соғып, бір нәтижелі пас берген.
Еске салайық, өткен маусымда "Ордабасы" Қазақстан біріншілігінде бесінші орын алды. Ал жуырда шымкеттік командада басшы ауысты. Бұған дейін клубтың директоры болған Бақтияр Байсейітовтің орнына Бауыржан Абдубайытов келді.