Жуырда Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Солтүстік Македониямен кездескен болатын. Жолдастық матчта есе жібергеніне қарамастан, еліміздің бас командасына жаңа ойыншылар шақыртылды. Осы орайда бапкерлік штаб алдағы ресми кездесулердің алдында футболшылардың бабын байқап көрді. Жаңа ойыншылардың арасында Бауыржан Байтана да бар. "Тараз" клубының жартылай қорғаушысы биылғы маусымда 14 кездесуде 4 гол соққан. Араға бірнеше жыл салып құрамаға қайта шақырылған жамбылдық ойыншымен Vesti.kz тілшісі сұхбаттасты.
- Бауыржан, жақында үшінші рет әке атандыңыз. Кішкентайыңыздың бауы берік болсын!
- Құттықтауыңызға рақмет! Ия, әулетімізде үлкен қуаныш болып жатыр! Көбейіп жатырмыз. Құдайға шүкір!
- Ұлттық құрамаға қош келдіңіз! Сізді команда қалай қарсы алды?
- Ұлттық құрамаға қайта келгеніме қуаныштымын. Кез-келген футболшыға негізгі команданың жейдесін кию – үлкен мәртебе деп ойлаймын. Оның үстіне жігіттердің барлығын жақсы танимын. Мені құрама ойыншылары жылы қабылдады.
- Жанкүйерлер сізді алғашқы минуттан бастап алаңға шығып қалар деп топшылаған. Алайда Талғат Маруаұлының шешімімен екінші таймда шықтыңыз.
- Бапкердің шешімі солай болды. Ең бастысы алаңға шығып матч тағдырын шешуге тырыстым. Өкінішке қарай бұл жолы қолымыздан келмеді. Жолдастық матч екеніне қарамастан ешкімнің ұтылғысы келмейтіні анық. Бірнеше гол өткізіп алуымыздың себебі бірінші таймның соңындағы қызыл қағаз деп айтуға болады. Бір ойыншыға кем ойнағандықтан кездесудің нәтижесіне кері әсерін тигізді.
- Жыл басында клуб басшылығы маусымды алғашқы алтылықта аяқтау туралы жоспар қойған. Қазір "Тараз" 19 ұпаймен 7-ші орында тұр. Жүлделі орындарға ілігуге мүмкіндік бар ма?
- Клуб басшылығының бізге қойған мақсатына тоқталсам, қазір чемпионаттың бел ортасына келіп жеттік. Әр ойынды ұтуға тырысамыз. Қанша ұпай жинайтынызды маусымның соңында ғана білеміз. Әрине жүлделі орындарға ілігуге мүмкіндік бар. Алайда басқа да ұжымдар өте мықты деп ойлаймын. Қолымыздан келгенше ұпай жинап, жанкүйерлерді қуантуға тырысамыз.