Англия құрамасы мен "Манчестер Юнайтедтің" бұрынғы шабуылшысы Уэйн Руни 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі Өзбекстанға қарсы матчта жарқырай ойнаған Криштиану Роналду туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Ол эгоист, бірақ командалық ойыншы"
Португалия құрамасы қарсыласын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал 41 жастағы команда капитаны Криштиану Роналду алғашқы таймның өзінде дубль авторы атанып, матчтың үздік ойыншысы деп танылды.
Ойыннан кейін Руни португалиялық шабуылшының сынға нәтижелі ойынымен жауап беру қабілетіне тәнті екенін айтты.
"Осы турнирде көптеген жұлдызды футболшылар гол соғып жатыр. Бірақ 41 жаста әлем чемпионатында дубль жасау – керемет жетістік. Оны сынады, ал ол алаңда осылай жауап берді. Ол мұндайды бүкіл мансабында жасап келеді.
Ол өз ісінің үздігі болғысы келеді және әрдайым сондай болған. Басқа шабуылшылар гол соқса, ол бірден бомбардирлер тізімінің көшіне шығуды қалайды. Бұл – одан күтуге болатын қалыпты реакция. Ол эгоист, өйткені үздік болуды қалайды, бірақ сонымен бірге командалық ойыншы.
Месси мен Роналдуға қарасаңыз, олардың жасында көрсетіп жүрген футболы шынымен таңғаларлық", – деп келтіреді Рунидің сөзін BBC.
Роналду сынға алаңда жауап берді
Өзбекстанмен ойын алдында Роналду Конгомен болған алғашқы турдағы тең ойыннан (1:1) кейін сынның астында қалған еді. Алайда екінші матчта ол Португалия құрамасының басты қаһармандарының біріне айналды.
Екі голының арқасында шабуылшы турнирдің үздік сұрмергендері арасындағы орнын нығайтып, командасына әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісті сыйлады.
К тобындағы жағдай
Екі турдан кейін Португалия құрамасы төрт ұпай жинап, К тобында бірінші орынға көтерілді. Ал Өзбекстан құрамасы қатарынан екінші рет жеңіліп, ұпайсыз соңғы орында қалып отыр.
Плей-офф жолдамаларының тағдыры топтық кезеңнің соңғы турында шешіледі. 28 маусымда Португалия Колумбиямен кездессе, Өзбекстан Конго Демократиялық Республикасына қарсы ойнап, турнирдегі мүмкіндігін сақтап қалуға тырысады.
Жарнама