Португалия құрамасының вингері Франсишку Консейсау футболдан әлем чемпионатындағы ұлттық команданың шабуылдағы ойыны мен капитан Криштиану Роналдудың рөліне қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұған дейін БАҚ-та Португалия құрамасының ойыншылары әрбір шабуыл кезінде міндетті түрде Роналдуды іздеп, допты соған жеткізуге тырысады деген пікірлер тараған болатын.
Алайда Консейсаудың айтуынша, мұндай көзқарас команданың ойын қағидаттарына сәйкес келмейді.
"Мен үшін Криштианумен тең келетін ойыншы жоқ. Әсіресе оның шеберлігі мен гол соғу қабілетін айтсақ. Бірақ бізде міндетті түрде оған пас беру керек деген міндет те, қажеттілік те жоқ. Мен әрдайым ең тиімді позицияда тұрған және қарсылас қорғаушылары бақыламай тұрған ойыншыға доп беремін. Криштиану бұл жерде кез келген ұлттық құрама футболшысы сияқты командаға көмектесу үшін жүр", – деп келтіреді Консейсаудың сөзін The Touchline.
Еске салайық, әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі алғашқы матчта Португалия құрамасы Конго Демократиялық Республикасымен тең түсіп, жеңіске жете алмаған еді.
Ал келесі кездесуде португалиялықтар 22 маусым күні Өзбекстан құрамасына қарсы алаңға шығады. Бұл матч екі команда үшін де плей-офф жолдамасы жолындағы маңызды ойындардың бірі болмақ.