Парагвай мен Аустралия құрамалары 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы тур матчында тең түсті, деп хабарлайды Vesti.kz.
D тобындағы кездесу АҚШ-тың Калифорния штатындағы Санта-Клара қаласында орналасқан "Левайс" стадионында өтіп, 0:0 есебімен аяқталды.
Осы нәтижеден кейін Парагвай мен Аустралия төрт ұпайдан жинап, екі команда да әлем чемпионатының 1/16 финалына жолдама алды.
Топта алты ұпай еншілеген АҚШ құрамасы бірінші орынмен келесі кезеңге өтті. Ал үш ұпай жинаған Түркия құрамасы соңғы орын алып, турнирмен қоштасты.
Еске салайық, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнирдің қазіргі чемпионы - Аргентина құрамасы.