Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалындағы Аргентина мен Англия матчы (2:1) алаңдағы тартысыпен есте қаларлықтай болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Екі команда ойын барысында жалпы саны 26 рет ереже бұзды. Кездесудің басты назар аудартқан сәттерінің бірі Джуд Беллингем мен аргентиналық футболшылар арасындағы шекісулер болды.
Месси мен Беллингем сөзге келіп қалдыБірінші таймнан кейін командалардың көшбасшылары Лионель Месси мен Джуд Беллингем арасында сөз тартысты. The Touchline басылымының мәліметінше, ерін қимылын оқитын мамандар олардың алаңдағы диалогын анықтаған.
Месси: "Мен ол жерде ереже бұзған жоқпын... Бұл біздің пайдамызға болған алғашқы шешім."
Беллингем: "Жоқ, жоқ... Ол жерде ешқандай ереже бұзылған жоқ."
Месси: "Бұл біздің пайдамызға жасалған алғашқы шешім."
Беллингем: "Жоқ, жоқ."
Осыдан кейін Беллингем Мессиге қадала қарап тұрған еді. Бұған аргентиналық жұлдыз: "Не бажырайып тұрсың?" – дейді де, ал Беллингем кетіп бара жатқан сәтте Месси: "Жарайды, жарайды!" – деген.
Матч соңындағы жанжал
The Touchline мәліметінше, Беллингем жеңілісті өте ауыр қабылдаған.
85-минутта Энцо Фернандес есепті теңестіргеннен кейін ағылшын жартылай қорғаушысы қақпашы Джордан Пикфордқа наразылық білдіріп: "Доп қақпаның дәл ортасына ұшты ғой!" – деп айқайлаған.
Ал матч аяқталған соң жағдай тіпті ушыға түсті. Аргентина құрамасының қосалқы ойыншысы Валентин Барко жеңісті Беллингемнің алдында тойлауға жүгіріп келген. Бұған ашуланған ағылшын футболшысы оның желкесінен салып жіберді.
Осыдан кейін жанжалға Николас Отаменди, Кристиан Ромеро және Энцо Фернандес араласты. Ал Беллингемді командаластары ерегістен арашалап алып шықты.
Айта кетейік, Англия құрамасы турнирден шығып қалғанымен, Беллингем жеке көрсеткіштері бойынша жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ол жеті матчта алты голдың авторы атанды.
Енді Аргентина әлем чемпионатының финалында Испаниямен кездеседі. Шешуші матч 20 шілдеге қараған түні Астана уақытымен 00:00-де басталады. Ал 19 шілдеде Франция мен Англия қола жүлде үшін ойнайды. Бұл кездесу Астана уақытымен 02:00-де басталады.