Мысыр құрамасының бас бапкері Хоссам Хассан 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Аргентинадан жеңілгеннен кейін ФИФА-ның жұмысын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Vesti.kz beIN Sports-қа сілтеме жасап.
Мысыр құрамасы матч барысында 2:0 есебімен алда тұрғанымен, ойынның соңғы минуттарында қатарынан үш гол жіберіп алып, турнирмен қоштасты. Хассан кездесудің нәтижесін әділетсіз деп бағалап, төрешілердің шешімдеріне наразылық білдірді.
"Мұны бүкіл әлем көрді"
"Салдары қандай болса да, өз ойымды ашық айтамын: бұл анық келісілген матч болды, мұны бүкіл әлем көрді. Тағы бір нәрсе айтқым келеді: егер олар Аргентинаның жеңгенін соншалықты қаласа, онда басқа құрамаларды не үшін шақырып, жарысқа қатыстырды?
Мен еліме қайтамын және бұл турнирдің қалған матчтарын енді көрмеймін", – деді Хассан.
Бапкердің айтуынша, оның командасы бірнеше айқын гол соғу мүмкіндігінен айырылған.
"Біздің басымыздан өткен жағдай әділетсіз болды. Бізге пенальти берілуі керек еді. Бір голымыз есепке алынбады, оның не үшін күшін жойғанын түсінбедім.
Тіпті голдар өз қателіктеріңнен жіберілсе де, ең үлкен қателік – шешім қабылдайтын адамдардың саған тиесілі құқықты бермеуі", – деді ол.
Даулы шешімдер
58-минутта Мостафа Зико Аргентина қақпасына гол соққан еді. Алайда VAR жүйесін қарап шыққаннан кейін төреші шабуыл барысында ереже бұзылғанын анықтап, голды есепке алған жоқ.
Егер бұл гол саналса, Аргентина 0:2 емес, 0:3 есебінен камбэк жасауға мәжбүр болар еді.
Сондай-ақ, матчтың соңында мысырлық футболшылар Хамди Фатхидің айып алаңында құлағанынан кейін пенальти талап етті. Алайда бас төреші 11 метрлік соққы белгілеген жоқ. Көп ұзамай аргентиналықтар шешуші шабуыл ұйымдастырып, 90+2-минутта жеңіс голын соғып, матчты 3:2 есебімен өз пайдасына аяқтады.
"Мүмкін, мәселе маркетингте болар?"
Хассан турнир ұйымдастырушылары қазіргі әлем чемпиондарының жарыста қалуына мүдделі болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
"Мүмкін, бәрі маркетингке байланысты шығар. Мүмкін олар әлем чемпионатын насихаттағысы келетін болар. Мүмкін қазіргі чемпионның турнирде қала бергенін, Мессидің әлем чемпионатындағы өнерін жалғастырғанын қалаған шығар.
Бірақ біз қолдан келгеннің бәрін жасадық және өз деңгейімізде өте лайықты ойын көрсеттік.
Әрине, келесі кезеңге өткенімізді қалар едім. Мен жеңілуді жек көретін адамдардың бірімін. Ал бүгінгідей әділетсіз көрінетін жеңіліс тіпті ауыр тиеді. Сондықтан жанкүйерлерімізге айтарым – көңілдеріңізді түсірмеңіздер. Біз ширек финалға шығуды қатты қаладық. Барлығы үшін Аллаға шүкір. Бірақ футболда ойыннан тыс нәрселер де болады", – деді маман.
Хассан ойыншыларына алғыс айтты
Жеңіліске қарамастан, Мысыр құрамасының бас бапкері өз футболшыларының өнеріне жоғары баға берді.
"Мені ең қуантқаны – ойыншыларымның көптеген сәтте ойын жоспарын мінсіз орындап, өзара өте жақсы әрекет еткені.
Олардың еңбегіне өте ризамын. Біздің футболшылардың басым бөлігі Мысыр чемпионатында ойнайды. Ал басқа құрамалардың көптеген ойыншысы Еуропа клубтарында өнер көрсетіп, жоғары деңгейде шыңдалған.
Соған қарамастан, негізінен жергілікті чемпионаттың ойыншыларымен, Мұхаммед Салах пен Омар Мармушты айтпағанда, кез келген қарсыласқа лайықты қарсылық көрсете алдық", – деп түйіндеді Хассан.
Еске салайық, Аргентина Мысырға қарсы кездесуде 0:2 есебінен кейін керемет камбэк жасап, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Енді Лионель Скалони шәкірттері ширек финалда Швейцария құрамасымен кездеседі.
Жарнама