Мадридтік "Реалдың" бас бапкері Жозе Моуринью Ханси Флик жетекшілік ететін каталондық "Барселонаның" жұмысына жоғары баға беріп, неміс маманы мен клубтың спорттық директоры Декудың өзара байланысын ерекше атап өтті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Моуринью Флик пен Декуды мақтадыПортугалиялық маман "Реалдың" басты қарсыласы туралы пікірін El Chiringuito бағдарламасының эфирінде айтты.
"Маған Фликтің "Барселонасы" ұнайды. Ол және Деку өте жақсы жұмыс атқарып жатыр, олардың құрамында мықты ойыншылар бар", - деді Моуринью.
Флик келгеннен бері каталониялық клуб екі маусымның әрқайсысында Испания чемпионаты мен ел Суперкубогын жеңіп алды. Сонымен қатар "көк-анарлылар" неміс маманымен алғашқы маусымда Испания кубогын да иеленді.
Моуриньюге "Барселонаны" тоқтату міндеті қойылдыБиыл жазда Флорентино Перес бастаған "Реал" басшылығы Моуриньюді команданың бас бапкері етіп тағайындады. Португалиялық маманның алдына мадридтік клубтың ішкі аренадағы үстемдігін қайтарып, "Барселонаның" сәтті сериясын тоқтату міндеті қойылғаны болжанып отыр.
"Реал" жаңа маусымдағы алғашқы ресми матчын 23 тамызда Испания чемпионатының бірінші турында сырт алаңда каталониялық "Эспаньолға" қарсы өткізеді.
Ал "Барселона" чемпиондық атағын қорғауын 24 тамызда қонақта "Эльчеге" қарсы матчпен бастайды.