Футбол
Бүгін 13:55

Моуринью күтпеген жерден "Реалдың" 18 жастағы талантынан айырылып отыр

©"Реал" ФК

Мадридтік "Реалдың" 18 жастағы жартылай қорғаушысы Тьяго Питарч жастар арасындағы Еуропа чемпионатындағы жеңісінен кейінгі алғашқы жаттығуында ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Сәтсіз қимылдың салдарынан футболшының сол жақ тізесінің сіңірін жыртып алды.

Қалпына келу мерзімі белгілі

AS басылымының мәліметінше, медициналық тексеру нәтижесі жарақаттың орташа ауыр екенін растаған.

Енді жас жартылай қорғаушы 6-8 аптаға дейін алаңға шыға алмайды. Осыған байланысты ол маусым алдындағы дайындықтың барлығын өткізіп алады. Атап айтқанда, "Леганес", "Фиорентина", "Ференцварош" және "Депортивоға" қарсы жолдастық кездесулерге қатыспайды.

Сондай-ақ, Питарч Ла Лиганың алғашқы кемінде үш турында "Эспаньол", "Реал Сосьедад" және "Малагаға" қарсы ойындарды да жіберіп алады.

Футболшы әлеуметтік желідегі парақшасында аяғына тағылған арнайы бекіткіш таңғышпен түскен суретін жариялады.

Моуриньюдің жоспары жүзеге аспады

Бұл жарақат бас бапкер Жозе Моуриньюдің жоспарына да елеулі өзгеріс енгізді. Португалиялық маман жас футболшыны әлі ойын барысында байқап үлгермеген еді.

Бұған дейін "Реал" Тьяго Питарчты тұрақты ойын тәжірибесін жинақтау үшін жалға беруді жоспарлаған. Оған "Малага" қызығушылық танытқанымен, футболшының өзі Чемпиондар лигасына қатысатын клубқа ауысуды қалаған.

Алайда енді жарақат алып, оңалту кезеңінен өтіп жатқан ойыншыны жалға алуға ешбір клубтың қызығушылық танытуы екіталай.


Қатаң бәсекелестік күтіп тұр

Егер Тьяго Питарч Мадридте қалатын болса, жарақатынан айыққаннан кейін негізгі құрамға енуі оңай болмайды.

Қазір "Реалдың" орталық алаңында Орельен Тчуамени, Федерико Вальверде, Джуд Беллингем, Бернарду Силва, Арда Гюлер және Эдуардо Камавинга сияқты жоғары деңгейдегі футболшылар бар.

Осындай аса жоғары бәсекелестік жағдайында жас испаниялық қысқы трансферлік кезеңге дейін ойын тәжірибесін мүлде ала алмауы мүмкін.
 
 
 
 
 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport