"Ливерпуль" шабуылшысы Мұхаммед Салах Англия кәсіпқой футболшылар қауымдастығы (PFA) нұсқасы бойынша жылдың үздік ойыншысы атанды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Осылайша, мысырлық футболшы Англия чемпионаты тарихында бір маусымда Англия премьер-лигасының (АПЛ) бес бірдей жеке жүлдесін жеңіп алған алғашқы ойыншы атанды.
Squawka деректеріне сүйенсек, Салах 2024/2025 маусымының қорытындысы бойынша келесі марапаттарды иеленді:
"Алтын бутса" (үздік сұрмерген), АПЛ-дың үздік плеймейкері, Англия чемпионатының үздік ойыншысы, Футбол журналистері қауымдастығы (FWA) нұсқасы бойынша жыл ойыншысы, PFA ойыншылар нұсқасы бойынша жыл үздігі. Сонымен қатар, Салах PFA тарапынан жылдың үздік ойыншысы атағын үш рет жеңіп алған алғашқы футболшы болды.
Англия премьер-лигасының өткен маусымында "Ливерпуль" шабуылшысы 38 матчқа қатысып, 29 гол соғып, 18 нәтижелі пас берді.
Салах "Ливерпуль" сапында 2017 жылдан бері ойнап келеді. Оның клубпен қазіргі еңбек шарты 2027 жылдың жазына дейін жарамды. Transfermarkt порталының мәліметінше, футболшының нарықтық құны - 50 миллион еуро.