Лионель Мессидің анасы Селия Куччиттини Италияның "Комо" клубы мен Аргентина құрамасының жартылай қорғаушысы Нико Пасты ұлттық құрамадағы ұлының ізбасары деп атады, деп хабарлайды Vesti.kz Infobae басылымына сілтеме жасап.
Мессидің ұлттық құрама сапындағы қоштасу матчынан кейін болған әсерлі кездесу туралы аргентиналық дизайнер, футболшының ағасы Фабиан Пас айтып берді. Оның сөзінше, бұл оқиға Аргентина мен Бенин арасындағы матч кезінде "Монументаль" стадионында болған. Аталған ойын Месси үшін ұлттық құрама сапындағы соңғы кездесу болды.
Фабианның айтуынша, матчтан кейін Нико киім ауыстыратын бөлмеден шығып, Мессидің анасымен амандасуға барған. Сол кезде көзіне жас алған әйел жас футболшының қолынан ұстап, оған ерекше сөздер айтқан.
"Сен – менің ұлымның ізбасарысың", – депті Мессидің анасы.
Нико бұл сөздерді естігенде қатты толқыған. Кейін ағасы күтіп тұрған көлікке қарай беттеген футболшы эмоциясын жасыра алмаған.
"Жаңа ғана басымнан өткен жағдайға сене алар емеспін", – депті Пас.
22 жастағы Пас – "Реалдың" түлегі. Ол Аргентина құрамасындағы дебютін 2024 жылдың қазанында жасады. Содан бері жартылай қорғаушы ұлттық құрама сапында 16 матч өткізіп, алты гол соғып, екі нәтижелі пас берген.
39 жастағы Месси Аргентина құрамасындағы алғашқы матчын 2005 жылдың 17 тамызында Венгрияға қарсы өткізді. 21 жылдан астам уақыт ішінде ол ұлттық құрама сапында 208 матчқа қатысып, 126 гол соқты. Осылайша, команда тарихындағы үздік сұрмерген атанды.
Ол үшін соңғы кездесу 2026 жылдың 6 қазанында Бенинге қарсы өтті. Аргентина бұл матчта 3:0 есебімен жеңіске жетті. Месси пенальтиден гол соғып, екі нәтижелі пас берді.
Месси халықаралық карьерасын аяқтағаннан кейін Аргентина құрамасы екі матч өткізді. Алдымен Уругвайдан 1:2 есебімен ұтылды, келесі ойында Коста-Риканы 7:0 есебімен ойсырата ұтты.
Бұған дейін Месси Аргентина футбол қауымдастығына өзінің есімін, фотосуреттері мен бейнежазбаларын коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салғысы келетіні хабарланған еді. Ол мұндай әрекеттер жеке беделіне және демеушілік келісімшарттарына кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.