16 шілдеге қараған түні футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының екінші жартылай финалында Англия мен Аргентина құрамалары кездеседі, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кездесу Астана уақытымен сағат 00:00-де басталады. Ойын Атлантадағы "Мерседес-Бенц Стэдиум" стадионында өтеді. Матчқа АҚШ төрешісі Исмаил Эльфат қазылық етеді.
Бұл кездесудің жеңімпазы финалда алғашқы жартылай финалда Францияны жеңген Испания құрамасымен күш сынасады. Турнирдің шешуші ойыны 20 шілдеге қараған түні өтеді. Ал 19 шілдеде Франция Англия – Аргентина жұбының жеңілген командасымен үшінші орын үшін кездеседі.
ФНК ұсынған статистикалық деректер:
• құрамалар өзара 15 матч өткізген: Англия – 6 жеңіс, Аргентина – 3 жеңіс, 6 ойын тең аяқталған;
• ресми кездесулердегі көрсеткіш: Англия – 3 жеңіс, Аргентина – 1 жеңіс, 1 тең ойын;
• екі құрама арасындағы барлық ресми матчтар әлем чемпионаттары аясында өткен;
• ресми бес кездесудің тек біреуінде ғана жеңіс бір доптан артық айырмашылықпен тіркелген;
• ӘЧ-2026 плей-офф кезеңіндегі барлық матчтарда Англия да, Аргентина да өз қақпасына гол жіберген;
• Англия топтық кезеңде Хорватияны (4:2) жеңіп, Ганамен (0:0) тең түсіп, Панаманы (2:0) ұтты. Плей-оффта Конго Демократиялық Республикасын (2:1), Мексиканы (3:2) және Норвегияны (2:1) жарыс жолынан шығарды;
• Аргентина топтық кезеңде Алжирді (3:0), Аустрияны (2:0) және Иорданияны (3:1) жеңді. Плей-оффта Кабо-Вердені (3:2, қосымша уақытта), Мысырды (3:2) және Швейцарияны (3:1, қосымша уақытта) тізе бүктірді;
• ФИФА рейтингінде Аргентина құрамасы бірінші орында тұрса, Англия төртінші сатыда орналасқан.