Аргентиналық "Интер Майами" жұлдызы Лионель Месси "Барселонамен" қоштасуы қалай өткенін еске алды. Футболшының айтуынша, ол өзге ешқандай клуб туралы ойламаған және өзінің еуропалық тарихын көк-қызыл формада аяқтауды армандаған екен, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Шындық мынада: біз бірге көп нәрсені бастан өткердік – жақсысын да, жаманды да, бұл ұзақ карьера үшін қалыпты жағдай. Бәрі әрқашан керемет бола бермейді, қиын сәттер де болады. Бірақ бұл – менің үйім, менің орным, менің адамдарым. Мен бүкіл мансабымды дәл сол жерде өткізуге, басқа клубқа ауыспауға қуана келісер едім. Мен… Еуропада тек сол жерде ойнағым келді.
Өкінішке қарай, бәрі басқаша болды, бірақ, біз бірге өткізген барлық сәттердің естеліктерін мәңгі сақтаймын. Сол үшін ризамын. Менің Барселонада, стадионда болмағаныма көп болды. Пандемияға байланысты жанкүйерлерсіз клубтан кетуге тура келді, сол себепті ол ерекше жыл болды. Әрине көптеген тамаша естеліктер бар, оған себепкер болғандардың бәріне үлкен алғыс айтамын.
Әлбетте, мен ораламын. Стадионда кез келген жанкүйер сияқты командаға, клубқа жанкүйер боламын, жай ғана тағы бір жанкүйер боламын. Қазір мен мұнда (АҚШ-та) бірнеше жыл болуым мүмкін, алайда, біз міндетті түрде "Барселонаға" қайта ораламыз. Себебі мен айтқандай, бұл – менің орным, менің үйім. Біз оны қатты сағындық, сондықтан міндетті түрде қайтып келеміз", – деп Мессидің сөзін келтіреді Sport.es.
Еске салайық, 2021 жылдың жазында Мессиге "Барсадан" кетуге тура келіп, ол "ПСЖ" сапына ауысты. Каталониядағы жылдары ол клубтың барлық дерлік рекордын жаңартты - голдардан бастап ассистер мен жалпы трофейлер санына дейін.