Месси аңызға айналған Пеленің "мәңгілік" рекордынан асып түсті

23 желтоқсан 2020 10:58
Сурет: UA-Football

"Барселонаның" аргентиналық шабуылшысы Лионель Месси Бразилия құрамасында әлемнің үш дүркін чемпионы болған Пеленің бір клуб үшін соққан голдарының саны бойынша жетістігін жаңартты, - деп хабарлайды РИА Новости.   

Месси Испания чемпионатының 15-турында "Вальядолидаға" қарсы ойынның 65-минутында есепті 3:0-ге жеткізді. Бұл осы ойындағы соңғы гол болды. Енді 33 жастағы аргентиналық футболшының "Барселона" үшін соққан голы 644-ке жетті. Бұл - жаңа рекорд. 

Месси 2004 жылдан бері "Барселона" сапында.

Пеле "Сантос" клубында 1956-1974 жылдар аралығында ойнап, 643 гол соққан болатын.

Осыған байланысты Пеле әлеуметтік желі арқылы Мессиді құттықтап, бір команда сапында ұзақ жыл ойнап, рекорд жасайтындар қатары сирей беретінін атап өтті.