Аргентина құрамасының көшбасшысы Лионель Месси Алжирге қарсы өткен матчтан кейін әлем чемпионаттарындағы кезекті тарихи жетістігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
ӘЧ-2026 топтық кезеңінің алғашқы турында Аргентина Алжирді 3:0 есебімен жеңді. Кездесудің басты кейіпкері капитан Месси болып, хет-трик авторы атанды және жаңа рекорд орнатты.
Енді аргентиналық жұлдыздың еншісінде әлем чемпионаттарында гол соққан 12 матч бар. Осы көрсеткіш бойынша ол аңызға айналған Роналдо мен Мирослав Клозені артта қалдырды. Екі шабуылшы да әлем біріншіліктерінде 11 матчта мергендігімен көзге түскен еді. Жалпы Мессидің әлем чемпионаттарындағы гол саны 16-ға жетті.
Алайда сегіз дүркін "Алтын доп" иегері бұл рекордқа аса мән бермейтінін айтты.
"Шынымды айтсам, мен бұған аса үлкен мән бермеймін. Мен үшін Клозе мен Роналдо секілді футболшылармен бір тізімде болудың өзі зор мәртебе. Соның өзі көп нәрсені білдіреді", - деді Месси TyC Sports басылымына.
Сонымен қатар аргентиналық шабуылшы мұндай көрсеткіштер футболшының ұлылығын анықтамайтынын атап өтті.
"Бұл тек статистика ғана. Әрине, осындай ойыншылармен қатар аталу жағымды. Алайда рекордтар футболшыны ұлы етпейді. Роналдо - мен өмірімде көрген ең үздік ойыншылардың бірі болса да, ол барлық көрсеткіш бойынша бірінші орында тұрған жоқ. Сондықтан сандар - жай ғана сандар", - деді Аргентина капитаны.
Месси сондай-ақ әлем чемпионаттарының үздік сұрмергендері тізімінде жоғарылап келе жатқан Франция шабуылшысы Килиан Мбаппені де атап өтті.
"Мбаппе де жақын тұр, ол тағы да гол соқты. Бірақ мұның бәрі статистика ғана. Ең бастысы - командаңа жеңіске жетуге көмектесу", - деп қосты аргентиналық футболшы.
Айта кетейік, Лионель Месси Аргентина құрамасы тарихындағы ең ұлы футболшылардың бірі саналады. Ол ұлттық команда сапында 2022 жылғы әлем чемпионатын, 2021 және 2024 жылдардағы Америка кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар 2008 жылғы Олимпиада чемпионы атанып, 2022 жылы Финалиссима трофейін де еншілеген.
Жарнама