Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси ӘЧ-2026 топтық кезеңіндегі Алжирге қарсы матчта хет-трик авторы атанып, бірден бірнеше тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кездесу АҚШ-тың Канзас-Сити қаласындағы "Эрроухед" стадионында өтті.
Месси есепті 17-минутта ашты. Екінші таймда аргентиналық жұлдыз 60-минутта дубль рәсімдеп, араға 16 минут салып үшінші голын соғып, хет-трик жасады.
Айта кетерлігі, 38 жастағы шабуылшы покер де жасауға жақын болды. Ол матчтың бесінші минутында да мергендік танытқан еді, алайда, төреші офсайд тіркеп, гол есепке алынбады.
Осылайша, Мессидің кәсіби мансабындағы гол саны 914-ке жетті. Ол бұл көрсеткішке 1157 матчта қол жеткізді.
Сонымен қатар, аргентиналық футболшы әлем чемпионаттарындағы 16-голын соғып, турнир тарихындағы ең үздік сұрмергендердің біріне айналды. Бұл көрсеткіш бойынша ол Германия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Мирослав Клоземен теңесті. Ал бразилиялық Роналдоның еншісінде 15 гол бар.
Бұдан бөлек, Месси футболдан әлем чемпионаттарының тарихындағы тағы бір рекордты жаңартты. Ол мансабында алтыншы рет әлем біріншілігіне қатысып, мұндай жетістікке жеткен алғашқы футболшы атанды.
Еске салайық, бұған дейін Аргентина құрамасы Алжирді 3:0 есебімен жеңіп, ӘЧ-2026 турнирін сенімді жеңіспен бастаған болатын.
Жарнама