Американың "Интер Майами" клубының шабуылшысы Лионель Месси Аргентина ұлттық құрамасындағы болашағына қатысты шешім қабылдады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Журналист Фран Касареттоның мәліметінше, 39 жастағы шабуылшы әзірге халықаралық карьерасын аяқтауды жоспарлап отырған жоқ.
"Лионель Мессидің айналасында жүрген дереккөздердің мәліметінше, ол әзірге халықаралық карьерасын аяқтауды жоспарламайды. Месси Аргентина құрамасынан 2028 жылғы Америка кубогынан кейін кетпек", – деп жазды Касаретто X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Еске салайық, Аргентина құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Испаниядан қосымша уақытта 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
Месси турнирді құраманың үздік сұрмергені ретінде аяқтап, 8 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді. Лионель Месси Аргентина құрамасы сапындағы алғашқы матчын 2005 жылы өткізді. Содан бері ол ұлттық құрама сапында 207 матчқа қатысып, 125 гол соқты және 68 нәтижелі пас авторы атанды.
Оның еншісінде 2022 жылғы әлем чемпионатының алтыны, 2014 және 2026 жылғы әлем чемпионаттарының күмісі, сондай-ақ 2021 және 2024 жылғы Америка кубогындағы, 2022 жылғы Финалиссимадағы және 2008 жылғы Олимпиада ойындарындағы жеңістер бар.
Месси – сегіз дүркін "Алтын доп" иегері. Ол клубтық мансабында "Барселона", "Пари Сен-Жермен" клубтарының намысын қорғады және қазіргі таңда "Интер Майами" сапында өнер көрсетеді.
Жарнама