ПСЖ мен Килиан Мбаппе арасындағы сот дауы қыза түсуде, деп хабарлайды Vesti.kz RMC Sport басылымына сілтеме жасап. Франциялық клуб бұрынғы шабуылшысына қарсы арыз беріп, 100 миллион еуроға жуық өтемақы талап етті.
ПСЖ мен Мбаппе арасындағы жанжалдың себебі
Еске салайық, 2024 жылдың қыркүйегінде Францияның Кәсіби футбол лигасы (LFP) ПСЖ клубын Мбаппеге еңбекақы мен бонустар бойынша қарызын төлеуге міндеттеген болатын. Сол жылы жазда футболшы еркін агент ретінде мадридтік "Реалға" ауысқан еді.
Кейін Мбаппе төлемдердің кешіктірілуіне байланысты LFP-нің тәртіптік комитетіне жүгінді. Алайда бұл өтініш қанағаттандырылмады, себебі ПСЖ бұл мәселеге байланысты Париж сотына арыз түсірген болатын.
Сәуір айында сот шешімімен ПСЖ шотында 55 миллион еуро бұғатталды — бұл клубтың Мбаппеге қарыз сомасы.
ПСЖ-ның қарымта әрекеті
12 мамырда ПСЖ клубы бұл шешімді жою талабымен сотқа жүгінді. Сот отырысында клубтың адвокаттары Мбаппенің клуб қарызын нақты дәлелдей алмағанын айтты.
Сонымен қатар, ПСЖ өкілдері Мбаппенің өзі клубқа 98 миллион еуро берешек екенін алға тартты. Олардың айтуынша, бұл сома футболшының келіссөздерді әдейі созуы салдарынан клубқа келген шығындармен байланысты.
"Біздің мақсатымыз 98 миллионды қайтару емес. Біз тек оның да клубқа қарыз екенін және оның талаптары негізсіз екенін көрсеткіміз келеді", — деді ПСЖ заңгері Рено Семерджян.
Келесі сот отырысы 2025 жылдың 26 мамырына белгіленген.
Килиан Мбаппе ПСЖ сапында 2018–2024 жылдар аралығында өнер көрсетті. Осы уақыт ішінде:
• 308 матч өткізді,
• 256 гол соқты (клуб тарихындағы рекорд),
• 107 нәтижелі пас берді.
ПСЖ-мен бірге Мбаппе 6 рет Франция чемпионы, 4 мәрте ел кубогының иегері атанды.
2023/24 маусымынан кейін Мбаппе ПСЖ-мен келісімшартты ұзартпады және "Реалға" еркін агент ретінде ауысты.
Жарнама