Мбаппе пенальти сала алмады. Францияны ұтқан Швейцария Еуро-2020 ширек финалына шықты

Сурет: sportarena.com

Францияны ұтқан Швейцария футболдан Еуропа чемпионатының ширек финалына шықты, деп хабарлайды Vesti.kz.

1/8 финал кездесуі Бухарестте өтіп, негізгі уақыт 3:3 есебімен аяқталды. Қосымша уақытта да жеңімпаз анықталмады. Ақыры кім мықты екенін пенальти шешті, осылайша, Швейцария пайдасына - 5:4 болды.

15-ші минутта бірінші голды швейцариялық командадан Харис Сеферович салды.

Осыдан кейін франциялықтар сапынан Карим Бензема дубль жасады - 57 және 59-шы минут.

Ал 75-ші минутта Поль Погба айып алаңынан асыра теуіп, үшінші голды салды.

Дегенмен Франция құрамасы басымдықты ұстап қала алмады, 81-ші минутта Харис Сеферович дубль жасады, ал тоғыз минуттан кейін Марио Гавранович есепті теңестірді.

Пенальти сериясында допты Килиан Мбаппе соңғы болып теуіп, Янн Зоммер қақпасына гол сала алмай қалды.

Осылайша, Швейцария 1/4 финалда Испаниямен ойнайды. Матч 2-шілде Санкт-Петербурте өтеді.