Ресейлік бапкер Дмитрий Черышев "Чемпионат" басылымына берген сұхбатында алматылық "Қайраттың" Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі жеребесіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Маманның айтуынша, қазақстандық клубқа қызықты және оңай емес топ түсті. Әсіресе, "Реалмен" өтетін өз алаңындағы матч ерекше назар аудартады.
"Бұл – Чемпиондар лигасы, сондықтан "Реал" үшін әрбір ұпай – алтынмен пара-пар. Бұл команда ойынға жай ғана уақыт өткізу үшін шықпайды. "Реалдың" мақсаты – Чемпиондар лигасында жеңу. Ол жерде өз ісіне шын берілген футболшылар ойнайды. Ешкім Мбаппе не Винисиустан: "Қазақстанға барасың ба?" – деп сұрамайды. Бәрі толық құрамда дайындалады – бұл басты қағида", – деді Черышев.
Сондай-ақ, ол логистикалық тұрғыда еш қиындық болмайтынын атап өтті:
"Қазақстанға жетуге мүмкіндік бар – ешқандай мәселе жоқ. Өздеріңіз білесіздер, "Реал" чартерлік рейспен ұшады. Жалғыз ғана өзгешелік – бір кеңістікті айналып өтеді, шамамен бір сағатқа ғана ұзағырақ жол жүреді", – деді бапкер.
Естеріңізге сала кетейік, "Қайрат" өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтті және алғашқы матчтардың бірі Мадридтің 15 дүркін чемпионы "Реалға" қарсы Алматыда өтеді.
Сонымен қатар, "Қайрат" өз алаңында бельгиялық "Брюггемен", грекиялық "Олимпиакоспен" және кипрлік "Пафоспен" кездеседі.
Сырт алаңдағы матчтарда алматылық клуб лондондық "Арсеналға", миландық "Интерге", даниялық "Копенгагенге", және португалиялық "Спортингке" қарсы ойнайды.
Айта кетейік, 2024/2025 маусымынан бастап Чемпиондар лигасында 36 команда ойнайды. Әр клуб жалпы кезеңде сегіз ойын өткізеді – әр қоржыннан екі командамен.
Жалпы кезең нәтижесі бойынша үздік сегіз команда бірден 1/8 финалға өтеді. Ал 9-24-орын алған клубтар қосымша іріктеу кезеңінде ойнайды.
Жарнама