Футбол
Бүгін 14:19

Мбаппе "Алтын допты" алуға лайықты футболшыны атады

©instagram.com/realmadrid

Мадридтік "Реал" мен Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе өзін "Алтын доп" жүлдесін жеңіп алуға басты үміткер деп санайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Мбаппе "Алтын допқа" лайық па?

27 жастағы форвард беделді жеке жүлдеге лайық екенін айтты.

"Осы жазда мен ең беделді турнирде тарих жасадым. Мен үшін жыл жақсы өтті, бұл "Алтын допты" жеңіп алуыма жол ашуы мүмкін. Бірақ дауыс беретіндер - журналистер, шешімді де солар қабылдайды", - деді Мбаппе.

"Реал" сапында 42 гол және әлем чемпионатының рекорды

Өткен маусымда Мбаппе "Реал" сапында 44 матч өткізіп, 42 гол соғып, жеті нәтижелі пас берді.

2026 жылғы әлем чемпионатында франциялық шабуылшы он гол соғып, турнирдің үздік сұрмергені атанды. Сонымен қатар ол әлем чемпионаттары тарихында үздік сұрмерген атанып, 22 голмен Лионель Мессидің (21 гол) көрсеткішінен озды.

"Тарих әрдайым марапатталуы тиіс"

Мбаппе "Алтын доп" иегерін анықтау кезінде футболшының жеке жетістіктерін ескеру қажет екенін атап өтті.

"Бұл - жеке жүлде. Футболшының жеке жетістіктері бағаланады. Адамдар менің ешқандай трофей жеңіп алмағанымды айтады. Бірақ "Алтын доп" бойынша бірауыздан қабылданған шешімді ешқашан көрген емеспін. Бұл жүлдені 100 пайыз дауыс жинап жеңіп алған футболшы болды ма, білмеймін. Яғни әрдайым ойыншының жүлдеге лайық болмағанын санайтын біреу табылады.

Мен әлем чемпионаттары тарихында үздік сұрмерген атанып, ең маңызды турнирде ұлы аңыздарды басып оздым. Мұны елемеу мүмкін емес. Бұл - әлемдік деңгейдегі тарихи оқиға. Тарих әрдайым марапатталуы тиіс.

Мен кімге дауыс берер едім? Өзіме. Бірақ басқаша дауыс беретіндерді де түсіне аламын, өйткені бізде диктатура жоқ", - деп береді Мбаппенің сөзін Marca.

2026 жылғы "Алтын доп" жүлдесі 26 қазанда Лондонда табысталады. Өткен жылы бұл марапатты "Пари Сен-Жермен" шабуылшысы Усман Дембеле жеңіп алған болатын.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport