Франция құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының алғашқы жартылай финалисі атанды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Турнирдің алғашқы ширек финалдық матчында Дидье Дешам шәкірттері Марокко құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, чемпиондық атақ үшін күресті жалғастырды.
Франциялқтар есепті 28-минутта-ақ ашуға мүмкіндік алған еді. Алайда Килиан Мбаппе пенальтиден гол соға алмады. Шабуылшы допты қақпаның төменгі бұрышына бағыттағанымен, марокколық голкипер Боно соққыны қайтара алды.
Екінші таймда Франция капитаны жіберген қателігін түзеді. 60-минутта Мбаппе орта қашықтықтан дәл соққы жасап, допты қақпаның оң жақ төменгі бұрышына тоғыстырды.
Арада алты минут өткенде ол нәтижелі пасымен көзге түсті. Мбаппе Усман Дембелеге қолайлы позицияда допты шығарып берді, ал жартылай қорғаушы мүмкіндігін мүлт жібермей, матчтағы соңғы голды соқты - 2:0.
Айта кетерлігі, 77-минутта Мбаппе дәрігерлердің көмегіне жүгініп, кейін басқа ойыншымен алмастырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, франциялық шабуылшысы жарақат алған болуы мүмкін.
Осылайша, Франция құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына өтті. Бұл кезеңде олар Испания мен Бельгия арасындағы ширек финалдық кездесудің жеңімпазымен ойнайды. Аталған матч Қазақстан уақытымен 11 шілдеде сағат 00:00-де басталады.
Жарнама