"Матч тағдырын шешкен өзіміздің қаракөздер болды". Белгілі футзалшы Чемпиондар лигасындағы қазақстандық командалар жайлы

©kazfootball

Футзалдан еліміздің екі ұжымы Чемпиондар Лигасындағы кезекті ойындарын өткізді, деп жазады Vesti.kz тілшісі.

Алматының "Қайраты" Ресейдің "Тюмень" клубымен ойнап 3:3 есебімен тең түсті. Кака шәкірттерінің арасында Дәурен Тұрсағұлов, Эдсон мен Витаолар ерекшеленді. Ал "Атырау" Португалияның әйгілі "Спортингіне" 1:8 есебімен ойсырай ұтылды. Батысқазақстандықтар сапында Александр Фукин гол соқты. Қазақстан құрамасының экс-шабуылшысы Серік Жаманқұлов отандық командалардың ойындарына бағасын берді.

"Қайрат" футзал клубы аталмыш матчта бірнеше тактика қолданды. Алдымен бірінші таймда екі төрттікпен ойнады. Артынша үзілістен кейін тактиканы ауыстыра бастады. Атап айтқанда бірінші төрттікте Дәурен Тұрсағұлов, Альберт Ақбалықов, Біржан Оразов пен Шыңғыс Есенамановтар болса, екіншісінде бразилиялық ойыншыларды қатарға қосты. Матчтың тағдырын шеше алған өзіміздің қаракөздер болды. Нәтижесінде қарсылас команда өзінің айып алаңынан шыға алмай қалды. Айналдырған бір минуттың ішінде бірнеше рет бұрыштама жасап қыспаққа алды. Содан кейін Дугластар шығып таблодағы есепті өзгерте алды. Жалпы "Қайрат" ойыншылары әлем чемпионатынан кейін бірден Қазақстан кубогінің матчтарына қатысты. Содан кейін Чемпиондар Лигасына кетті. Үлкен турнир алдында демалып үлгермеді. Осындай жағдайлар да спортшылардың физикасына әсер етеді. "Атырау" мен "Спортинг" арасындағы матчты да қатар көрдім. Ойындары жақсы. Бірақ менің пікірімше қорғаныс шебін дұрыс қоймаған деп ойлаймын. "Атырау" дебютант болғандықтан "Спортинг" секілді жыл сайын осындай жоғары деңгейде доп теуіп жүрген командаға қарсы оңай болған жоқ", - дейді маман.   

Енді "Қайрат" Чемпиондар Лигасындағы келесі кездесуін 30 қазанда Италияның "Пезаро" клубымен өткізсе, "Атырау" Францияның "Аньер-Вильнев" командасымен өзара мықтыны анықтайды.

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар