Мәскеулік ЦСКА клубы Қазақстан құрамасының ойыншысы үшін жазаланды

Бахтиер Зайнутдинов. Сурет: ЦСКА ФК
Ресей футбол федерациясының тәртіптік комитеті РПЛ-дің алтыншы турындағы "Ахматпен" кездесудегі дөрекі ойын үшін ЦСКА командасын жазалады. 

Мәскеулік команда ойыншылары жеті сары қағаз алған, осыған байланысты клубқа 100 мың рубль айыппұл салынды.

Ескерту алған ойыншылар қатарында мәскеуліктер сапына жақында қосылған Бахтиер Зайнутдинов те бар. Қазақстандық жартылай қорғаушы алаңға екінші таймда шығып, 84-ші минутта сары қағаз алды. 

Зайнутдинов ЦСКА сапында осымен екінші матчке қатысып отыр. 25 тамызда қазақстандық "Ростов" командасынан ауысып келген. Оның мәскеулік клубпен келісімшарты бес жылға есептелген.