Англия құрамасы мен "Манчестер Сити" клубының вингері Джек Грилиш лондондық "Тоттенхэм" командасына ауысуы мүмкін, деп хабарлайды Vesti.kz.
Инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, "Тоттенхэм" клубы 29 жастағы жартылай қорғаушыны трансферін жасау үшін "Сити" басшылығына ресми сұраныс жолдаған. Бұл қадам Грилиш Клубтық әлем чемпионатына қатысатын команда тізімінен күтпеген жерден тыс қалғаннан кейін жасалды.
Сонымен қоса, бұл жағдай басқа бәсекелес командалар назарын аударды да, Грилишке "Эвертон" мен "Ньюкасл" да қызығушылық танытқан. Алайда ойыншы тек Солтүстік Лондонға, яғни, "Тоттенхэмге" көшуге бейілді.
Қазіргі таңда келісімшарттың егжей-тегжейі талқыланып жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, трансфер құны шамамен 46,9 миллион еуроны құрайды. Егер бұл келісім жүзеге асса, бұл АПЛ ішіндегі ең атаулы трансферлердің бірі болмақ.
Айта кетейік, кезінде "Манчестер Сити" Грилишті рекордтық 117,5 миллион еуроға сатып алған болатын.
Еске сала кетейік, Джек Грилиш 2024/25 маусымында барлық турнирлерде 32 матч өткізіп, үш гол соғып, бес нәтижелі пас берген.