Португалия футболының аңызы Нани Қазақстандағы ең үлкен жанкүйерлік армиясы бар клуб – "Ақтөбенің" жаңа ойыншысы атанбақ, деп хабарлайды Vesti.kz.
AmanVIBE дерегінше, 2016 жылғы Еуропа чемпионы ақтөбелік клубпен келісімшарттың барлық шарттарын келісіп қойған және жақын арада «қызыл алалардың» оқу-жаттығу жиынына қосылады.
Келісімшарт 1 жылға есептелген. Ал португалиялықтың айлығы Қазақстан премьер-лигасы тарихындағы ең жоғарысы болмақ.
Нани 22 қаңтарда Алматыға ұшып келіп, одан кейін Ақтөбеге аттанады. Сол жерде футболшыны ресми таныстырады екен.
Нани «Манчестер Юнайтед» сапында өнер көрсетіп, төрт рет АПЛ чемпионы, екі рет Лига кубогының иегері, Чемпиондар лигасының жеңімпазы, төрт мәрте Англия Суперкубогының иегері және клубтар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанған.
Сондай-ақ, ол әр жылдары «Спортинг», «Фенербахче», «Валенсия», «Лацио», «Орландо Сити», «Венеция», «Мельбурн Виктори», «Адана Демирспор» және «Эштрела» клубтарында ойнаған.