"Манчестер Юнайтед" клубы англиялық маман Майкл Кэррикті бас бапкер ретінде алып қалуды көздеп отыр, деп хабарлайды Vesti.kz инсайдер Фабрицио Романоға сілтеме жасап.
Дереккөз мәліметінше, соңғы күндері 44 жастағы маманның "қызыл сойқандар" тізгінінде қалу ықтималдығы айтарлықтай артқан.
Сондай-ақ, команда футболшылары мен клуб басшылығы Кэррикпен әріптестікті жалғастыруды бірауыздан қолдап отырғаны айтылды. Енді тараптар жаңа келісімшарттың егжей-тегжейін талқылап, соңғы келісімге келуі тиіс.
Еске салайық, Майкл Кэррик осы маусымда португалиялық Рубен Аморим қызметінен кеткеннен кейін "Манчестер Юнайтедтің" бас бапкері атанған еді.
Англиялық маманның жетекшілігімен команда нәтижесін тұрақтандырып, турнир кестесініде көтерілді. Қазіргі таңда "Манчестер Юнайтед" Англия премьер-лигасының 36 турында 65 ұпай жинап, үшінші орында келеді.
Сонымен қатар, манчестерлік клуб келесі маусымдағы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдаманы мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
Жарнама