"Манчестер Сити" Англия премьер-лигасының рекордын бұзды

Сурет: iSport.ua

"Манчестер Сити" Англия чемпионатының кейінге шегерілген 16-шы турында "Эвертонды" ұтты. 

Кездесу Ливерпульдегі "Гудисон Парк" стадионында өтіп, 3:1 есебімен аяқталды. "Сити" сапында Фил Фоден (32-ші минут), Рияд Марез (63) және Бернарду Силва (77), ал алаң иелерінен Ришарлисон (37) гол салды.

ESPN FC твиттер желісінде атап өткендей, "Манчестер Сити" 2021 жылғы АПЛ-де қатарынан он матчта ұтып, жоғары дивизион тарихында жыл басынан саналған ең ұзақ жеңіс сериясының авторы болып отыр. Мұның алдындағы рекорд - қатарынан тоғыз жеңіс "Манчестер Юнайтед" (2009) пен "Болтон" (1906) командаларына тиесілі.

"Манчестер Сити" 56 ұпаймен Англия чемпионатында бірінші және өзінен кейінгі командалардан ("Манчестер Юнайтед" мен "Лестер Сити") он ұпай асып тұр. "Эвертон" (37) жетінші орында.