Футболдан Қазақстан чемпионатының 20-турында "Мақтаарал" мен "Қызыл-Жар" тең түсті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
"Түркістан Аренадағы" ойын 1:1 есебімен аяқталды. Кездесудің 5-минутында Элгуджа Лобжанидзе карьерасындағы ең әдемі голдардың бірін салды. Қақпашы Рамиль Нурмухамедовтың позициясын жоғалтқанын аңғарған грузиялық шабуылшы допты әуелете тастай салды.
Үзілістен кейін алаң иелері таразы басын теңестіре алды. Гол авторы Драмане Коне айып алаңының сыртынан Мирослав Лобанцев қақпасының саңылауын тапты.
Ішкі біріншіліктегі 20 ойынның қорытындысы бойынша қос клуб та турнир кестесінің түбінде келеді. Мәселен "Мақтаарал" 15 ұпаймен ең соңғы 14-орында болса, Әли Әлиев жаттықтыратын "Қызыл-Жар" 22 ұпаймен 11-орынға жайғасты.