Футбол
Бүгін 10:36

"Ливерпульден" кеткен Мохамед Салах жаңа клубқа қосылды

©Depositphotos/operations@newsimages.co.uk

Англиялық "Ливерпуль" клубының бұрынғы шабуылшысы Мохамед Салах карьерасын Түркияда жалғастыратын болды, деп хабарлайды Vesti.kz.

34 жастағы шабуылшының жаңа клубы "Трабзонспор" болады. Түркиялық клубтың баспасөз қызметі әлеуметтік желіде жұлдызды футболшының келетінін ресми түрде хабарлады. Салах Ыстамбұлға 5 тамыз, бүгін келеді.

"Трабзонспор" жанкүйерлерінің назарына! Трансфері бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқан кәсіпқой футболшы Мохамед Салах 5 тамыз, сәрсенбі күні сағат 12:00-де Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайының жалпы авиация терминалына келеді.

Футболшы сол күні кешке Трабзон қаласына аттанады деп күтілуде. Қарсы алу рәсімінің нақты уақыты мен өзге де мәліметтер клубтың ресми ақпараттық арналары арқылы қосымша жарияланады", – делінген "Трабзонспордың" X әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде.

Бұған дейін Салахтың "Трабзонспормен" екі жылдық келісімшартқа отырғаны хабарланған еді. Мәліметке сәйкес, мысырлық футболшы жаңа клубында жылына 17 миллион еуро еңбекақы алады. Бұдан бөлек, оған бонустар мен клубтық жейделердің сатылымынан үлес қарастырылған.

Өткен маусымда "Трабзонспор" Түркия чемпионатын "Галатасарай" мен "Фенербахчеден" кейін үшінші орынмен аяқтады.

Еске салайық, Салах биыл жазда 2017 жылдан бері өнер көрсеткен "Ливерпульдан" кетіп, еркін агент атанған еді. Мерсисайдтық клуб сапында ол Чемпиондар лигасын, Англия Премьер-лигасын, Англия кубогын және УЕФА Суперкубогын жеңіп алған болатын.

Өткен маусымда Салах барлық турнирде 41 матч өткізіп, 12 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді.

Сондай-ақ, мысырлық шабуылшы 2026 жылғы әлем чемпионатында өз құрамасының намысын қорғады. Мысыр құрамасы 1/8 финалға дейін жетіп, Аргентинадан 2:3 есебімен жеңілді. Кездесудің 79-минутына дейін мысырлықтар 2:0 есебімен алда тұрған еді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport