Жақын арада ғана Арне Слоттың отставкасын қабылдаған англиялық "Ливерпуль" клубы жаңа бас бапкерді тағайындауға жақын, деп хабарлайды Vesti.kz.
Белгілі инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, мерсисайдтық клубтың басшылығы басты үміткер ретінде испаниялық маман Андони Ираоланы қарастырып отыр. Қазіргі таңда тараптар арасындағы келіссөздер соңғы кезеңге жеткен.
Хабарланғандай, испаниялық жаттықтырушы 2025/26 маусымы аяқталғаннан кейін "Борнмуттан" кетіп, "Ливерпульге" ауысуға дайын. Қазір тек келісімшарттың кейбір шарттарын, соның ішінде мерзімін нақтылау ғана қалған.
Ираоланың басшылығымен "Борнмут" өз тарихындағы ең үздік маусымды өткізді. Команда Англия премьер-лигасын алтыншы орында аяқтап, "Ливерпульден" бар болғаны үш ұпай қалып, алғаш рет еурокубокқа жолдама алды.
43 жастағы маман 2023 жылдан бері дорсеттік клубты жаттықтырып келеді. Бұған дейін ол Испанияның "Райо Вальекано" командасында жұмыс істеген.
Арне Слот "Ливерпульді" 2024 жылдан бастап басқарды. Ол алғашқы маусымында-ақ чемпиондыққа қол жеткізіп, 2024/25 маусымын "Жылдың үздік бапкері" мәртебесінде аяқтаған еді.
Сонымен қатар, Слоттың бапкерлік жолында "Фейеноорд", АЗ және "Камбюр" клубтары бар.