Англиялық "Ливерпуль" клубы маусым аяқталғанда бас бапкерді ауыстыруды жоспарлап отырған жоқ, деп хабарлайды Vesti.kz инсайдер Николо Скираға сілтеме жасап.
Дереккөздің мәліметінше, мерсисайдтық клуб басшылығы нидерландиялық маман Арне Слотқа толық сенім артып отыр және оны бас бапкер қызметінде сақтап қалмақ.
“Тараған қауесеттерге қарамастан, "Ливерпуль" келесі маусымда да Арне Слотпен жұмысын жалғастыруды көздеп отыр. Клуб осы жазда бас бапкерді ауыстыруды жоспарламайды”, – деп жазды Скира.
Бұған дейін БАҚ-та баск маманы Хаби Алонсоның "Энфилдке" келуі мүмкін екені туралы ақпараттар тараған еді. Хабарларға қарағанда, "қызылдардың" басшылығы оны болашақтағы ықтимал нұсқалардың бірі ретінде қарастырған.
Алайда соңғы мәліметтерге сенсек, клуб бапкерлер штабында кадрлық өзгеріс жасауға ниетті емес.
47 жастағы Арне Слот "Ливерпульді" 2024 жылы тізгіндеді. Нидерландиялық маман алғашқы маусымының өзінде команданы Англия премьер-лигасының чемпионы атандырды.
Қазіргі таңда АПЛ-дың 36 турынан кейін "Ливерпуль" 59 ұпаймен турнир кестесінің төртінші сатысында тұр.